Алматы облысының полицейлері автобус ұрысын әшкереледі
Қарасай ауданының полицейлері автобус ұрысын ізін суытпай ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Таяуда Қарасай ауданы ПБ кезекші бөліміне Шамалған станциясының 38 жастағы тұрғыны микроавтобуста белгісіз адамның оның барсеткасынан 360 мың теңге ұрлап кеткені туралы арызданған. Азамат ұрыны ұстамақ болғанда, ол қашып кеткен, алайда ол ұрыны суретке түсіріп үлгерген.
– Аз уақыт ішінде тергеушілер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бұрын ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотты болған Іргелі кентінің 41 жастағы тұрғыны болып табылатын күдіктіні Алтын Орда базарынан анықтап, ұстады. Жәбірленушімен, кондуктормен танылған және басқа да дәлелдермен әшкереленген, жеңіл олжаны жақсы көретін азамат тонау дерегін толық мойындады. Және ол «тыныш қана» ұрламақ болғанын, бірақ жәбірленушінің оны «көріп қойғанын» жеткізді, – дейді Қарасай аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Абай Тынышбаев.
Ұрланған ақшаны қаскүнем өз көлігін жөндетуге жұмсап үлгерген. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 191-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, ұсталған азамат уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды.
– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, азаматтарды қоғамдық орындардағы айналадағыларға қомақты қаражаттарының бар екенін көрсетпеуге шақырамын. Аталған жағдайда, барсеткадағы көп ақша көрген азамат еш ойланбастан ұрлыққа барған. Өз ақшаларыңызға сақ болыңыздар, – деп ескертті полиция полковнигі Тынышбаев.