Алматы облысының полицейлері азаматтарды тікелей эфирде қабылдауда
Алматы облысының тұрғыны тікелей эфир барысында аудандық полиция басшылығына алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев апта сайын әлеуметтік желіде тікелей эфир өткізіп, халықтың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдауды жұмыс тәртібіне енгізді.
Кемшін тұсты дөп басып, тұшымды ұсыныс айтылатын бастама қалалық және аудандық полиция басшылығы тарапынан да қолдау тапты.
Кербұлақ ауданы полиция бөлімінің бастығы Ербол Ахметқалиевтің әлеуметтік желідегі police_kerbulaq парақшасындағы тікелей эфир барысында аудан тұрғыны хабарласып, тәртіп сақшыларының жылдамдығы мен кәсіби шеберлігі үшін алғысын білдірді.
– 19 қазанда малымның ұрланғаны туралы полицияға хабар бердім. Қызметкерлеріңіз шұғыл шаралар қабылдап, күдікті ұсталды. 16 қойымды аман-есен тауып берді. Қалғанын төлеп береді деді. Қызметтеріңізге алғысым шексіз!, – деді тікелей эфир барысында Жоламан ауылының тұрғыны Мейірхан Тотыбаев.
Өз кезегінде Кербұлақ ауданының бас полицейі жағдайға қанық екенін білдіріп, қылмысты ашу үшін ауқымды шаралар қабылданғанын атап өтті.
– Хабарлама түскен бойда шаруа қожалығыңызға бардық, тергеу амалдары барысында 67 бас қойдың ұрлануына малшының қатысы бары анықталды. Ұрланған малды сатып алған азаматтан 16 қой тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Күдікті қамауға алынды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда, – деді Ербол Ахметқалиев.
Мал ұрлықтарына талдау жасаған полицейлер шаруа қожалықтарының иелеріне еңбек шартын жасамай, өздері танымайтын немесе құжаты жоқ адамдарға малды сеніп тапсырудың өте қауіпті екенін ескертті.
– Малшының өзіне сеніп тапсырған малды ұрлау дерегі биыл үшінші рет тіркелді. Биыл Қоғалы ауылында осыған ұқсас жағдай орын алған. Жұмыс берушінің екі сиырын сатып, қашып кеткен күдіктіні басқа ауданнан ұстағанбыз. Сондай-ақ малшының атты мініп кету дерегі болған, дегенмен кейінірек ат табылды. Осыған орай малшымен екіжақты еңбек келісім шартын жасаған дұрыс. Дүниеңіз бен малыңызды сенімді адамдарға тапсыру бойынша шаралар қабылдауды сұраймын,- деп толықтырды аудандық полиция бөлімінің бастығы.