Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жаркент полицейлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда 

Алматы облысының Панфилов ауданында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

23 қазан күні басталған арнайы алдын алу іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігімен қатар, елдімекен ішіндегі тазалық, қоғамдық орындардағы тәртіп және санитарлық-карантиндік шектеулердің қатаң сақталуы мәселелеріне ерекше назар аударды.

– Профилактикалық шара барысында жол қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 151 дерегі әшкереленіп, әкімшілік хаттамалар толтырылды. 6 автокөлік айыппұл тұрағына тоғытылды. Олардың қатарында көлікті құжатсыз басқару, тіркеу нөмірлері жоқ көлікті тізгіндеу және міндетті сақтандыру талабын орындамау фактілері бар,- деді Панфилов ауданы полиция бөлімінің бастығы  Айдар Омаров.

Сонымен қатар полицейдің ақпараты бойынша, тексеру барысында темір тұлпарын заңсыз қайта жабдықтаған, қозғалыс кезінде жолдың қарсы бағытына шығып кеткен және бағдаршамның қызыл түсін ескермеген жүргізушілер де ірі көлемде айыппұлдар арқалаған.

Облыстың бас полицейі Серік Кудебаевтың халықпен онлайн кездесуі барысында шағым түсірген Панфилов ауданы тұрғындарының ұсыныстары ескеріліп, Жаркент қаласының орталық базар маңындағы жол қозғалысы да тәртіпке келтірілді.

–  Арнайы шара кезінде 11 көліктің терезелері қараңғыланғаны анықталды. Көлік иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ Головацкий көшесіндегі заңсыз сауда ошағы таратылды. 20 адамға айыппұл салынып, 30 сатушыға ескерту жасалды. Полицейлер аудандағы санитарлық талаптардың сақталуын да бақылауға алды. Қала орталығындағы көліктердің қозғалысы мен тұраққа қойылуы ретке келтірілді, – деп толықтырды  Айдар Омаров.

Естеріңізге сала кетейік, 23 қазан күні әлеуметтік желіде тікелей эфир өткізген Серік Кудебаевқа Панфилов ауданының тұрғындары хабарласып, ауданда құқықтық тәртіпті қадағалау күшейтілсе екен деген өтініш білдірген болатын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру