Алматы облысының полицейлері азаматтық қару иелерінің құжаттарынан 300-ден астам құқық бұзушылықты анықтады
Алматы облысының полицейлері азаматтық қару иелерінің құжаттарынан 300-ден астам құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12-18 наурыз аралығында «Қару» жедел алдын алу іс-шарасын өткізген Алматы облысының полицейлері 4900-ден астам азаматтық қару иелерін тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерген. Тексеру барысында 370 шаруа қожалық қамтылып, құжаты бар қарулардың сақталу және тасымалдану тәртібі қаралды.
– Арнайы шара барысында 334 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде қаруды тіркеуге қою және сақтау тәртібін сақтамау деректері көп кездеседі. Еш құжаты жоқ 23 қару-жарақ тәркіленді. Сондай-ақ, қолдан жасалған қару түрлері мен заңсыз оқ-дәрі сақтаудың 10 дерегі әшкереленіп, қылмыстық істер қозғалды, – деді облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Дәулет Молдаханов.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары осы уақытқа дейін мекенжайын анықтау мүмкін болмаған криминалдық есепке алынған үш қару иесінің тұрғылықты жерін анықтаған.