Алматы облысының полицейлері банк алаяқтарының әрекеттерінен сақтануға шақырады
Алматы облысының полицейлері алаяқтықтың жаңа түрінен сақ болуды ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының полицейлері интернет желісіндегі алаяқтардың көбейгені жайында ескертеді. Ескертулерге қарамастан, адамдар әлі де алаяқтардың құрбанына айналуда.Соңғы уақытта алаяқтар өздерін танымал банктердің қызметкерлері ретінде таныстыратын әдіс белең алуда. Мұндай жағдайларда белгісіз тұлғалар қазақстандық ұялы байланыс операторларының абоненттерінен азаматтарға қоңырау шалып, өздерін белгілі бір банктің қызметкері ретінде таныстырады.
Бұдан әрі, үшінші тұлғалардың өздерінің шотындағы ақша қаражатын алуға тырысып жатқандығын айтып, осыған байланысты барлық банктік шоттар мен карточкаларды сақтандыруды ұсынады.
Алаяқтар дерек қорда растау және жаңарту операцияларын жүргізу үшін азаматтарға өз деректерін (ЖСН, банктік карталардың артқы жағындағы нөмірлері мен кодтарын) жазуды және ақшаны банктік шотқа аударуды сұрайды.
Бұл ретте олар өздерінің жалған шоттарының нөмірлерін көрсетіп, ақшаны өз есепшоттарына аударып алады.
Осыған байланысты полицейлер азаматтардан өздерінің жеке деректерін, банктік шоттары мен карталарының деректерін белгісіз тұлғаларға хабарламауды сұрайды, сондай-ақ карталар жоғалған кезде банк операторларына қоңырау шалып, карточкаларды дереу бұғаттау қажет екенін ескертеді.