Алматы облысының полицейлері интернет арқылы алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады
Алматы облысының полицейлері интернет арқылы алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
20 қаңтарда Кербұлақ ауданының тұрғыны OLX интернет сауда ресурсында алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы полицияға арызданған. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, қылмысты ашуға бағытталған кең ауқымды шаралар барысында күдікті ұсталды.
- Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 27 жастағы ер адам ұсталды. Бұлтартпас айғақтардан кейін күдікті қылмысын мойындап, жымысқы әрекетінің мән-жайын айтып берді. Қазіргі уақытта оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Зардап шегушінің материалдық шығынын толық өтеп берген күдікті тергеу аяқталғанша мекенжайын өзгерпеу туралы міндеттемемен босатылды, - деп хабарлады Кербұлақ ауданы ПБ бастығы Ербол Ахметқалиев.
Тергеу барысында күдікті оңай ақша табу мақсатында сауда жасау порталына жұмсақ жиһаз сататыны туралы жалған ақпарат беріп, төмен баға ұсынған. Зардап шегуші алаяқтың арбауына түсіп, жиһазды көрместен күдіктіге 150 мың теңге көлемінде қаржыны аударған. Қаражатты алған күдікті хабарландыруды жойып, телефон нөмірін лақтырып жіберген.
Алаяққа алданып, сан соққан тұрғын Кербұлақ ауданы полициясына хабарласқан. Жедел шара қолданған тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап, қылмысты ашты.
- Құрметті тұрғындар, осындай келеңсіздікке ұрынбас үшін, интернет сауда алаңында өте мұқият болу қажеттілігін ескертемін. Интернет арқылы сауда жасауда оның шынайылығына көз жеткізу қажет. Күмән тудырған жағдайда, төлем немесе алдын ала төлем жасамау керек, - деп толықтырды Кербұлақ ауданы ПБ бастығы Ербол Ахметқалиев.