Алматы облысының тәртіп сақшылары бір апта ішінде браконьерлерден 800 келіден астам балықты тәркіледі
Алматы облысының Балқаш көлінен 650 келі балық аулаған браконьер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл ауданы Үлкен кентінің 36 жастағы тұрғынынан құқық қорғау органдары моторы бар пластикалық қайықты, 1000 метр қытайлық торды, 79 кг балықты тәркіледі. Бұл факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 335-бабының 3-бөлігінің 5-тармағы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу) бойынша тіркеліп, аталған қылмыстық іс сотқа жолданды.
Сондай-ақ Балқаш ауданының Қарой ауылында 52 жастағы жергілікті тұрғыннан 650 кг балық тәркіленді. Аталған дерек ҚР ҚК 335-бабының 1-бөлігі (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.