Алматы облысының тергеу изоляторында сотталғандардың арыз-шағымдарын жіберуге арналған терминал іске қосылды
Алматы облысы бойынша ҚАЖД тергеу изоляторында сотталғандар мен тергеуге қамалған азаматтардың арыз-шағымдарын өкілетті органдарға өз бетінше жіберуіне арналған терминал іске қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы бойынша ҚАЖД ЛА-155/16 тергеу изоляторында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің электрондық өтініштер қабылдайтын терминалы орнатылып, жұмыс істей бастады.
Терминалдың көмегімен сотталғандар мен тергеуге қамалған азаматтар өтініштері мен шағымдарын тікелей прокуратураға, сотқа, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және өзіндік қауіпсіздік бөлімшелеріне жібере алады.
Енді тергеу изоляторындағы әрбір тергеуге қамалған азамат және сотталған адам қылмыстық құқық бұзушылық туралы, ҚАЖ қызметкерлерінің өкілеттіктерін асыра пайдалануы, сотталғандар тарапынан құқыққа қарсы іс-әрекеттер, азаптаулар туралы сотқа, адам құқықтары жөніндегі уәкілге және Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне өз бетінше арыз-шағым жіберу мүмкіндігіне ие.
– Алматы облысы бойынша ҚАЖД ведомстволық бағынысты мекемелері прокуратурамен бірлесіп, арнайы контингентке түрлі мемлекеттік органдарға шағымдар мен өтініштер жіберу мүмкіндігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін терминал орнатты. Шағым мен өтінішті сотталғандар мен тергеуге қамалған азаматтар өздері ресімдейді, олар өздерінің дербес деректерін енгізіп, оларды саусақ іздерімен растайды. Жыл соңына дейін барлық ведомстволық бағынысты мекемелерде осындай терминалдар орнату жоспарлануда, – деп атап өтті өңірлік ҚАЖД бастығының орынбасары Жәнібек Қосжанов.