Алматы облысының тұрғыны қалтасына марихуана салып жүрген
Алматы облысының полицейлері заңсыз марихуана сақтаған адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кербұлақ ауданы Талдыбұлақ ауылының учаскелік полиция инспекторы Сержан Сейдахмет күн батқан соң өзіне бекітілген әкімшілік аумақты аралау кезінде ескі ғимарат ішінен белгісіз адамның сұлбасын байқаған. Тәртіп сақшысы оның тұлғасын анықтау барысында 34 жастағы жігіттің қалтасынан есірткі табылған.
– Ұсталған адам Талдықорған қаласының 1987 жылы туған тұрғыны болып шықты. Оның қалтасынан үш грамға жуық есірткі табылды. Оған қатысты қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлігі (Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеру кезінде оның бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны анықталды, – деді Кербұлақ ауданы полиция бөлімінің бастығы Ербол Ахметқалиев.