Алматы полицейлері 2020 жылы қоғамдық көліктерде орнатылған бейнекамералардың көмегімен 200-ге жуық қалта ұрысын ұстады
2020 жылы Алматы қаласында қоғамдық көліктерде орнатылған бейнекамералардың көмегімен 200-ге жуық қалта ұрысы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Криминалдық полиция басқармасы басшысының айтуынша, оңай олжаны ұнататындар қоғамдық көліктерде орнатылған бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
– Қаскөйлердің бірін біздің бөлімнің қызметкерлері жақында ұстады. 1991 жылы туған азамат жолаушының сөмкесінен ұялы телефонын байқатпай ұрлап кеткен. Автобустан шыға бергенде күдіктіні қоғамдық көлікте жасырын жұмыс істейтін жедел уәкілдер ұстады. Оның осыған дейін де бірнеше рет бөтеннің мүлкін ұрлағандығы белгілі болды. Бұрын хабарлағанымыздай, қалалық қоғамдық көліктерде қарапайым азаматтар сияқты киінген жедел қызметкерлердің мобильді топтары жұмыс істейді. Олар бірнеше рет қалта ұрлығының жолын кесті, күдіктілер оқиға орнында ұсталды, – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров.
КПБ мәліметтері бойынша, қоғамдық көліктерге бейнекамералар орнатылғалы бері, қалта ұрлықтарының саны екі еседен астамға азайған. Тұтастай алғанда, өткен жылы бөтеннің мүлкін ұрлау 2,5 есеге азайды.
Қоғамдық көліктер мен басқа да қоғамдық орындарда әрекет ететін ұрылардың 85 қылмыстық тобының жолы кесілді.