Алматы полицейлері оншақты ойын-сауық мекемесі орналасқан үйге 300 рет барған
Алматы полицейлері оншақты ойын-сауық мекемесі орналасқан үйге 300 рет барған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәселе Төлебаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысына жақын жерде орналасқан клубтар мен барлар жайында болып отыр.
– Бұл шынымен де қиын мәселе. Түнгі шудан шаршаған жақын маңдағы үйлердің тұрғындарынан көптеген шағымдар келіп түсуде. Жыл басынан бері «102» пультіне 300-ден астам дабыл келіп түсті. Оларға патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлар дереу әрекет етеді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бұл мекемелердің әкімшілігі мен келушілерінен 901 адам түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, тыныштықты бұзғаны үшін 134 рет, ұсақ бұзақылық үшін – 70, алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін 324, белгіленбеген жерде шылым шеккені үшін – 132, қаланы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 156 рет, қоғамдық орындарды ластағаны үшін 42 рет және т.б. Осы мекемелердің басшыларына қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұйғарым жіберілді. Айтпақшы, түнгі сағат 23:00-ден кейін тыныштықты бұзу дерегі тіркелген сайын патрульдік полиция қызметкерлері музыкалық колонкаларды күштеп өшіреді, – деді Медеу ауданының қоғам белсенділерімен өткен кездесуде Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.
Спикер осы ойын-сауық мекемелерінің аумағында биылғы жылдың басынан бері жеті қылмыс: төрт ұрлық, бір тонау, бір бұзақылық, бір дене жарақатын келтіру дерегі тіркелгенін хабарлады. Бұл қылмыстар ашылды.