Алматы полицейлері тұрмыстық қылмыстарды тергеудегі жаңа тәсілдерді үйренді
Алматыда учаскелік полиция қызметкерлері тұрмыстық қылмыстарды тергеу кезіндегі жаңашылдықты үйренді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласының учаскелік полиция инспекторлары Қылмыстық кодекстің жаңа нормалары бойынша әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстарды тергеудің жаңа тәсілдерін оқыды.
Арнайы кәсіби курсты Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Шәрібаев жүргізді.
– ІІМ Алматы академиясында әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған жаңа заңнама аясында, ҚР ҚК-нің 108-1 бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) және ҚР ҚК-нің 109-1 бабы (Ұрып-соғу) бойынша оқыту аяқталды. Қатысушылар осы санаттағы қылмыстық істерді тергеу үшін қажетті теориялық және практикалық дағдыларды алды. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көрсетілетін білікті көмектің сапасына кепілдік береді, – деді Р.Шәрібаев.
Курсты аяқтаған соң учаскелік полиция инспекторлары ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін жеткізді. Семинар соңында қатысушылар біліктілікті арттыру сертификаттарына ие болды.