Алматы полициясы өндірістік нысандар аумағында екі ірі қоқыс үйіндісін анықтады
Алматы полициясы өндірістік нысандар аумағында екі ірі қоқыс үйіндісін анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Олардың бірі қаланың Жетісу ауданында орналасқан.
- Экологиялық полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар барысында ЖШС бірінің аумағында құрылыс пен тұрмыстық қалдықтардың үлкен үйіндісін анықтады. Бұл факті бойынша, ұйымның директорына қатысты ҚР ӘҚбК-нің 505-бабы (Абаттандыру ережелерін бұзу) бойынша құқық бұзушылық туралы әкімшілік шаралар қолданылды. Сонымен қатар, ЖШС басшылығынан анықталған бұзушылықтарды тез арада жою туралы кепілдік хат алынды, - деді Жетісу аудандық Полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асхат Дәулетяров.
Осындай қоқыс жинауды тәртіп сақшылары Алматы қаласының Әуезов ауданы аумағынан да әшкереледі.
- Біздің бөлімше мен Әкімдіктің экология бөлімінің қызметкерлері Ақсай ықшам ауданында орналасқан гараж кооперативінде абаттандыру ережелерін бұзу фактісін анықтады. Оның төрағасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл мөлшері 30 АЕК құрады, - деп хабарлады, Әуезов аудандық Полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.