Алматы полициясы тұрғындарды қоғамдық орындарды ластамауға шақырады
Алматы полициясы тұрғындарды қоғамдық орындарды ластамауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы полициясы қоғамда “құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті” қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуде.
– Мүлдем төзбеушілік – ұсақ құқық бұзушылықтарға қарсы әрекет. Әркім азаматтардың құқығын құрметтеп, қоғамдық тыныштықты бұзбай, өз мәдениетін көрсетуі керек. Әкімшілік заңнама талаптарына сәйкес, қоғамдық орындарды ластағаны және қаланы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 20-дан 300 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде жауапкершілік қарастырылған, – деді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Серік Шумаев.
Алматыда жыл басынан бері осыған ұқсас 36 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды.
Сондай-ақ полицейлер ұсақ құқық бұзушылықтардың жолын кесуде қаладағы заңдылық пен тәртіптің жай-күйіне бей-жай қарамайтын азаматтық қоғамға ерекше рөл берілгенін атап өтті.
– Алматы полициясы белсенді азаматтық ұстанымы халық арасында “тәртіпсіздік пен қылмысқа мүлдем төзбеушілік”, сондай-ақ жасалған заңсыз әрекеттер үшін “жазаның бұлтартпастығы” қағидаттарын сіңіруге көмектесетін қоғам өкілдеріне ерекше алғысын білдіреді, – деді Шумаев.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Алматыда “Таза Қазақстан” науқаны аясында абаттандыру саласындағы заң бұзушылықтармен күресу шаралары күшейтілді: барлық жерде рейдтік және жергілікті тексерулер жүргізілуде.