Алматы полициясы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу шаралары туралы айтты
Алматы полициясы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу шаралары туралы айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жергілікті полиция қызметінің хабарлауынша, Алматыда тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстық ахуалды жақсарту және қылмыстың алдын алу мақсатында “Тұрмыс”, “Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ”, “Бақытты отбасы” сынды мақсатты профилактикалық іс-шаралары өткізілуде.
Жыл басынан бері отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында әйелдерге қатысты қылмыс тіркелген жоқ. Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты профилактикалық ықпал етудің негізгі шараларының бірі – профилактикалық есепке алу және жеке алдын алу жұмыстарды жүргізу, маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеуге жіберу.
Осы кезеңде 803 адам профилактикалық есепке қойылса, оның 733-іне қорғау нұсқамасы, тағы 70-іне құқық бұзушының тәртібіне ерекше талаптар қойылды.
Алкоголизм мен нашақорлықтан мәжбүрлеп емдеуге 9 адам жіберілді.
Алматы полициясы зорлық-зомбылыққа ұшыраған, сондай-ақ осы саладағы қолданыстағы заңнаманы түсіндіруге жүгінген 159 әйелге жеке кеңестік көмек көрсетті. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, білім беру, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау органдарының, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, тұрақты негізде жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері ҮЕҰ-мен 16 кездесу өткізілді, онда ҮЕҰ мен полицияның өзара іс-қимылының оң тәжірибесі, зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық көмек көрсетудің тиімділігі және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың мәселелері, сондай-ақ оларды шешу жолдары бағаланды.
Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы жұмыстар Алматы қаласындағы ҚМУ “Жан-Сая” мемлекеттік дағдарыс орталығымен, сондай-ақ “Родник”, “Аналар үйі”, “Тин-Челлендж” қоғамдық қорларымен тығыз байланыста жүргізіледі.
Жыл басынан бері дағдарыс орталықтарына 29 әйел орналастырылды.