Алматы полициясы жезөкшелер үйін ұстағандарға қандай қауіп бар екенін айтты
Алматы полициясы жезөкшелер үйін ұстағандарға қандай қауіп бар екенін айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері Алматыда жезөкшелікпен айналысу үшін үй-жай беру немесе жеңгетайлық жасаудың 76 дерегі анықталған.
– Бұл бағыттағы күрестің тиімділігі жақсы деңгейде, өйткені анықталған барлық 76 дерек бойынша құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік кодекске сәйкес, жезөкшелікпен айналысу үшін үй-жай берген кәсіпкерлік субъектілері ҚР ӘҚБтК-нің 450-бабына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл жағдайда олардың қызметін 3 айға дейін тоқтата тұрумен қатар, айыппұл 100 АЕК-ден басталып, 1000 АЕК-ге дейін жетеді. Бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда 3 айға қызметін тоқтату мен қоса, 150 АЕК-ден 2000 АЕК-ге дейін айыппұл салынады және құқық бұзушылық нәтижесінде алынған кірісі тәркіленеді, – деді Алматы қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ержан Ұзабаев.
Жеңіл жүрісті қыздар ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы бойынша жауапқа тартылып, алғаш рет құқық бұзғаны үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады, егер бір жыл ішінде қайта бұзса, 5 тәулікке дейін қамалады және қосымша ішкі істер органдарына есепке алынады.