Алматы полициясында “Алтыншы пост” фильмі көрсетілді
Алматы полициясында “Алтыншы пост” фильмі көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
“Алтыншы пост” фильмі 2010 жылғы Ақтаудағы тұтқындардың қашу оқиғасына негізделген. Фильм кинотеатрларда 2018 жылы көрсетілді.
– Жалғыз өзі қылмыскерлердің қашып кетуінің алдын алуға тырысып, өміріне үлкен қауіп төніп тұрса да, 21 қылмыскермен күреске түскен қатардағы әскерге шақырылған Ербол Отарбаевтың ерлігі туралы баяндайтын бұл фильмді көптеген әріптесіміз көру мүмкіндігіне ие болды. Сонда жас жігіт небәрі 19 жаста еді. Қазір Ербол Отарбаев Алматы қаласындағы Б.Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімде қызмет етеді. Капитан атағы бар. 2011 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен әскери борышын өтеу кезінде көрсеткен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков.
Полицейлерге қонаққа фильмнің актерлері, продюсерлері, кеңесшілері мен режиссерлері барды. Олар түсірілім барысынан алған әсерлерімен бөлісіп, алдағы уақыттағы шығармашылық жоспарлары туралы әңгімеледі.
Маңғыстау облысындағы колониядан тұтқындардың қашуы Қазақстанның жаңа тарихындағы ең ірі оқиғалардың біріне айналды. 22 маусымда Ақтаудағы қатаң режимдегі колониядан 21 тұтқын қашып кетті. Қашып бара жатқанда олардың жетеуін күзетшілер мен полицейлер өлтірді. Іздеу кезінде бір адам жараланды және ұсталды, 13-і қашып үлгерді. Арада бір аптадан кейін қашқындар сыбайластарымен бірге Маңғыстау облысындағы Қызылсай шатқалында бөгелді. Олардың алтауы ұсталды, қалғандары көлікте жарылды.