Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы полициясының бастығы жасөспірімдер арасындағы қылмыстың төмендеуі туралы баяндады

Алматы полициясының бастығы жасөспірімдер арасындағы қылмыстың төмендеуі туралы баяндады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қанат Таймерденовтың айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгінде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың 22,4% төмендеуі байқалады. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар саны 5,6%-ға төмендеді.

– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары ерекше бақылауда. Жылдың басынан бері 417 жасөспірім мен 375 жағдайы нашар отбасы анықталып, ішкі істер органдарына есепке алынды. 12 қиын жасөспірім девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнайы білім беру ұйымына жіберілді. Сонымен қатар 407 кәмелетке толмағандар қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың қатысуымен кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жыл басынан бері жалпықалалық 14 жедел алдын алу іс-шаралары жүргізілді, – деді Қанат Таймерденов.

Баяндамашы мектептерді және іргелес аумақтарды қамту бойынша алдын алу жұмысты жақсарту мақсатында осы жылдың маусым айында ұйымдық кадрлық өзгерістер болғанын атап өтті.

– Мектептерге бекітілген «мектеп инспекторлары» кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аймақтық инспекторлар қызметіне ауыстырылды. Енді КТК инспекторы тек мектепке ғана емес, өзіне сеніп тапсырылған әкімшілік аймаққа да қызмет көрсетеді, – деді Алматы қаласы ПД басшысы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру