Алматы қалалық ҚАЖД қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиынға қатысты
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұрынғы төрағасы Алик Шпекбаев пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жарқын Ғалымов Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жеке құрамымен кездесіп, еліміздегі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатын жан-жақты талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінгі Қазақстанның басты мақсаттарының бірі – жемқорлыққа жол бермейтін мемлекет құру. Сондықтан да елімізде жемқорлыққа қарсы халықаралық стандарттар негізінде күресу қолға алынған. Қоғамның жегі құртына айналған жемқорлықты жоюда атқарылып жатқан маңызды жұмыстардың бірі – жемқорлықтың зардабы туралы насихат жұмыстарын жүргізу. Осы орайда жуырда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұрынғы төрағасы Алик Шпекбаев пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жарқын Ғалымов Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жеке құрамымен кездесіп, еліміздегі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатын жан-жақты талқылады.
Кездесу барысында Ж.Ғалымов жеке құрамды жемқорлық үшін жаза тағайындалған мемлекеттік қызметкерлердің әрекетімен таныстырды. Сондай-ақ ол жемқорлық туралы хабарлаған адамдарды көтермелеу фактілерін де келтіріп, Әдеп кодексінің бұзылуы және сыбайлас жемқорлық әрекетімен күресудің бір бағыты – комплаенс туралы түсіндірді.
А.Шпекбаев өз сөзінде жемқорлықтың ел экономикасына тигізер зардаптарын саралай келіп, ар мен адалдық туралы бабаларымыздың сөздерін мысалға келтірді.
– Қазыбек би «Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді, атадан жаман ұл туса, елінің малын жейді» деген екен. Бабалардан қалған ұлы өсиет бүгінгі заманда да өз маңызын жойған жоқ. Қайта адамзаттың ең қымбаттысы ары екенін ұмытпауымыз керек. Көрнекті мемлекет қайраткері Нұртас Ондасынов «Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, арым таза – қиын кездерде ел басқардым, бірақ ешкімнің обалына қалған жоқпын, екіншіден қолым таза – ешкімнен пара алған емеспін, үшіншіден жүзім таза – ешкімді руға, жүзге бөлген емеспін!» деген екен. Ендеше адал өмір сүру – адамды абырой биігіне шығарады. Әйтеке бидің «Бақ деген –құс, ұшады да кетеді, тақ деген – түс, кіреді де кетеді, байлық деген – мұз, ериді де кетеді. Мәңгілік қалатын – адал іс» деген өсиетін естен шығармайық, – деп А.Шпекбаев бабаларымыздың маңызы да мәні де зор сөздерін еске салды.