Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы қаласында 650-ге жуық отбасылық жанжалқой тіркелген

Алматы қаласы полицейлерінің профилактикалық есебінде 650-ге жуық отбасылық жанжалқой бар, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Үй батырларын» учаскелік полиция инспекторлары бақылайды. Ең бастысы, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны уақытында өз проблемасын айтып, полицейлерден көмек сұрауы керек.

– Егер қызмет барысында «102» пультіне отбасылық жанжал немесе отбасы мүшелерінің бірі төбелесіп жатыр деген хабар келсе, біз ақпаратты растау және мән-жайларды түсіндіру үшін аталған мекен-жайға барамыз. Мекен-жайға келіп, біз екі тараппен де сұхбаттасамыз. Егер өтініш түсіп, жәбірленушіде дене жарақаттары болса, онда біз сот-медициналық сараптама тағайындаймыз. Сараптама туралы шешім шығарғаннан кейін біз материалды жинаймыз, толықтығын қамтамасыз етеміз, содан кейін процессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы қаласы бойынша мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жібереміз, – деді Жетісу аудандық Полиция басқармасы ЖПҚБ учаскелік инспекторы Қуандық Сүлейман.

Полиция қызметкерінің айтуынша, іс жүзінде экипаж келгенге дейін ерлі-зайыптылар татуласып алатын жағдайлар көп.

– Егер біз келгенде екі жақтың бір-біріне наразылықтары болмаса және жәбірленуші жұбайына арыз жазудан бас тартса, түсініктеме жазуын сұраймыз, профилактикалық жұмыстар жүргізу үшін  қорғау нұсқамасын шығарамыз. Көбісі қорғау нұсқамасы деген не? – деген сұрақ қояды. Өзіне қатысты  мұндай шара қолданылған адам қауіп туындату мен психикалық азапты қамтитын қасақана заңсыз әрекеттерді жасамауы керек. Егер сіз отбасылық зорлық-зомбылыққа тап болсаңыз, мәселені өзіңіз шешуге тырыспаңыз. Полицияға хабарласқаныңыз жақсырақ. Сізге уақытында білікті көмек көрсетіледі, – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру