Алматы қаласында заңсыз жүрген 17 жастағы Тәжікстан азаматы анықталды
Алматы қаласында «Келімсек» іс-шарасы барысында Тәжікстаннан келген жасөспірім ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметінің хабарлауынша, Алматы базарларына жүргізілген рейд кезінде басқа аймақтардан келген тағы 15 жасөспірім ұсталды.
– Қазақстан Республикасының басқа аймақтарынан келген жасөспірімдер заңды өкілдерінсіз Алматыда болған. Олар өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Олардың ата-аналарын анықтау бойынша шаралар қабылдануда. Өткен тәулікте Алатау мен Жетісу аудандарында орналасқан базарларға жүргізілген рейд барысында кәмелетке толмағандар жасаған 31 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, Қазақстан Республикасының аймақтарынан, сондай-ақ, көрші елдерден заңды өкілдерінсіз Алматыға келген кәмелетке толмағандарды анықтау, кәмелетке толмағандарды қоғамға қарсы іс-әрекеттерге тартатын ересектерді, сонымен қатар, оқу процесіне қатыспайтын және ұзақ уақыт оқудан жалтарып жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау, – деп хабарлады Алматы қалалық ПД ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанова.
Бөлімнің мәліметінше, базарда анықталған көше балаларының арасында Тәжікстаннан келген 17 жастағы азамат бар. Шаралар қабылдау үшін жас жігіт көші-қон қызметі қызметкерлеріне тапсырылды.