Алматы тұрғыны ұрлық қылмысын ашқан полицейлерге алғысын білдірді
Алматы тұрғыны ұрлық қылмысын ашқан полицейлерге алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұрын хабарланғандай, полицейлер үш алматылыққа ұрланған көліктерін қайтарып берді. Үш ұрлық және екі тонау жасады деген күдікпен 33 жастағы ер адам ұсталды.
– Үш шетелдік автокөлік табылып, өз иелеріне қайтарылды. Күдіктінің екі пәтер тонауға да қатысы бар екені белгілі болды. Ол ұрлық жасамас бұрын бөтен адамдардың үйіне кіріп, көліктің кілтін ұрлап, кетіп қалған. Қаскөй қазір қамауда отыр. Оның жеке басы басқа да ықтимал эпизодтарға қатысы бар-жоғына тексеріліп жатыр, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.
Зардап шеккендердің бірі қылмыстың мән-жайын айтып, тәртіп сақшыларына кәсіби қызметі үшін алғысын білдірді.
– Мен – Алматы қаласы Алатау ауданындағы Мәдениет ықшамауданының тұрғынымын. 16 мамыр күні таңғы сағат 04:00-06:00 арасында үйімнің ауласында тұрған көлігімді ұрлап кетті. Сағат 7-де полицияға хабарластым, олар қажетті жұмыстарды дер кезінде жүргізді. Шамамен сағат 15:00-де полицейлер менің көлігімнің табылып, ұрының ұсталғанын хабарлады. Көлігімнің табылғанына өте қуаныштымын және полиция қызметкерлеріне ризамын. Азаматтар әрқашан полиция қызметкерлерінің ерен еңбегін бағалай білсін, – деді алматылық тұрғын.