Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда әйелдерге қатысты қылмыс саны азайды

Алматы қаласында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстық ахуалды жақсарту және қылмыстың алдын алу мақсатында "Тұрмыс", "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ", "Бақытты отбасы" және т.б мақсатты профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасаған адамдарды профилактикалық есепке алу және жеке профилактикалық жұмыстарды жүргізу, сондай-ақ ішімдіктен мәжбүрлеп емдеуге жіберу негізгі профилактикалық шаралардың бірі саналады.

Осы кезеңде 8081 адам профилактикалық есепке қойылып, оның 7335-іне қорғау нұсқамасы, тағы 726-сына құқық бұзушының тәртібіне ерекше талаптар қойылды. 206 адам маскүнемдіктен және нашақорлықтан мәжбүрлеп емдеуге жіберілді. Алматы полициясы зорлық-зомбылыққа ұшыраған 976 әйелге, сондай-ақ осы саладағы қолданыстағы заңнаманы түсіндіру бойынша жүгінгендерге жеке консультациялық көмек көрсетті.

Сонымен қатар әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, білім беру, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау органдарының, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар тұрақты негізде жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері ҮЕҰ-мен 185 кездесу өткізіліп, полиция мен қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылының оң тәжірибесі зерттелді, зорлық-зомбылық құрбандарына медициналық көмек көрсету және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы проблемалық мәселелер, сондай-ақ оларды шешу жолдарына баға берілді.

Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы жұмыстар Алматы қаласының "Жан-Сая" ҚМУ мемлекеттік дағдарыс орталығымен, сондай-ақ "Родник", "Дом Мамы", "Тин-Челлендж" қоғамдық қорларымен тығыз байланыста жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, жыл басынан бері дағдарыс орталықтарына 170 әйел орналастырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру