Алматыда әскери және арнайы ЖОО басшыларының семинар-кеңесі өтті
Алматыда әскери және арнайы ЖОО басшыларының семинар-кеңесі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстанда ҰҚК, ТЖ, полиция, прокуратура мамандарын және әскери қызметкерлер даярлайтын 13 әскери және арнайы оқу орындары бар. ІІМ М.Есболатов атындағы ҚР ІІМ Алматы академиясында өткен осы әскери және арнаулы оқу орындарының бірінші басшыларына арналған семинар-кеңестің тақырыбы – «Құқық қорғау және күштік құрылымдардың кәсіби кадрларын даярлау жөніндегі білім берудің жаңа тәсілдерін игеру» болды.
Семинар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен, ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Іс-шараны ашқан Академия бастығы Айдар Сайтбеков аталған оқу орнында Президенттің жоғары білім беру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында іс-шаралар кешені жүзеге асырылып жатқанын, ал арнайы оқу орындары басшыларының ашық диалогы Жаңа Қазақстандағы білім беру жүйесін жетілдірудің ең өзекті мәселелерін шешу жолдарын табуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Семинарда Ғылым және жоғары білім саласындағы бақылау комитетінің басқарма басшысы Эльвира Сапарбекова жалпы білім беру стандарттарына қатысты инновациялар туралы әңгімеледі. Білім беру сапасын ішкі бақылау, оқу процесінің мониторингі, сондай-ақ біліктілік талаптарын сақтамағаны үшін жауапкершілікті күшейту, осының барлығы мамандарды даярлау сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар бағалаудың жаңа критерийлері білім беру бағдарламаларының мазмұнын үнемі жаңартып отыруды көздейді, оны әзірлеуге жұмыс берушілер мен оқушылардың өздері қатысуы керек. Сондай-ақ, ғылыми жұмыстарды қашықтықтан қорғау форматы оқу орындарының қоғамға ашық болуына мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Екі күндік семинар-кеңесте мемлекеттік бақылауды автоматтандыру, мамандардың біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру және мемлекеттік аттестаттау, сондай-ақ әскери, арнаулы оқу орындарына оқу процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік көмек көрсету мәселелері талқыланды.
Алқалы бас қосуда барлық білім беру ұйымдарының басшылары Алматы академиясы бастығының мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи стандарттарына жауап беретін ведомстволық білім беру сапасын арттыру құралы ретінде қауымдастық құру туралы бастамасын бірауыздан қолдады.