Алматыда автобус жүргізушісі есірткіге мас күйінде жолаушыларды тасымалдаған
Алматыда автобус жүргізушісі есірткіге мас күйінде жолаушыларды тасымалдаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл жолы 118-ші бағыттағы қоғамдық көлік жүргізушісі «елден ерекшеленді». Оны Абай даңғылы мен Өтеген батыр көшесінің қиылысында әкімшілік тәжірибе бөлімшесінің қызметкерлері тоқтатты.
– Жүргізушінің әрекеті күдік туғызды. Оны медициналық тексеруден өткізу үшін ертіп барды, сараптама қорытындысы бойынша нарколог-дәрігерлер оның есірткіге мас болғанын анықтады. Жүргізуші бірден қоғамдық көлікті басқарудан шеттетілді. Алматы қаласы бойынша мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен ер адам 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, сонымен қатар 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Қоғамдық көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды, — деді Әкімшілік Полиция басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Сейітқұлов.
Сондай-ақ, есірткіге масаң күйдегі жүргізушіні қатарға шығаруға рұқсат берген автокәсіпорынның медицина қызметкеріне қатысты ҚР ӘҚбК-нің 619-бабына сәйкес әкімшілік шара қолданылды. Айыппұл сомасы 150 мың теңгені құрады.