Алматыда бас бостандығынан айыру орындарында АИТВ-ның алдын алу мәселелері талқыланды
Алматы қаласында Орталық Азия елдері үшін «Пенитенциарлық мекемелердегі АИТВ-ның алдын алу, емдеу және ауырған адамдарды күту қызметтерінің жаңартылған кешенді пакеті» тақырыбында аймақтық семинар өткізілді. , – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семинар бағдарламасы бойынша өткізілген Ұлттық тренингтің модераторы Біріккен Ұлттар Ұйымы есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының кеңесшісі Салах Эхаб болды.
Тренингте БҰҰ-ның АҚТҚ бойынша бірлескен бағдарламасының тұрғындар мен қоғамдастықтың негізгі үйлестірушісі Әлия Бакажанова, «Түрмедегі денсаулық құқығы үшін Еуразиялық қозғалыстан» А.Кошикова, «АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың Орталық Азия қауымдастығынан» Н.Аманжолов, «SOLID Қазақстан» және «SOLID Германия», «SOLID Өзбекстан» компанияларының және Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан Республикаларының мамандары да қатысып, бас бостандығынан айыру орындарында АИТВ-ның алдын алу проблемалары бойынша өз пікірлерін ортаға салды.
Бірнеше сессияларға бөлінген тренингте БҰҰ есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының кеңесшісі Салах Эхаб «Түрмедегі денсаулық пен адам құқықтарының халықаралық стандарттары» және «Бас бостандығынан айыру орындарында АИТВ-ның алдын алу, тестілеу, емдеу және күтім көрсету қызметтерінің кешенді пакеті» тақырыптарында тренинг өткізді.
Орталық Азиядағы халықаралық түрме реформасынан М.Ахметова өткізген «Пенитенциарлық жүйедегі денсаулық сақтау саласындағы ғаламдық трендтер» және Қазақ ұлттық тері және жұқпалы аурулар орталығынан Л.Ганина өткізген «Қазақстан: пенитенциарлық мекемелердегі эпидемиологиялық жағдай» тақырыптарындағы тренингтер қатысушылар үшін зор маңызы бар тренинг болды.
Сондай-ақ тренингке қатысушыларды «SOLID Қазақстан», «SOLID Германия», «SOLID Өзбекстан» компанияларының өкілдері Германиядағы, Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Өзбекстандағы SOLID жобасымен таныстырып, аталған компаниялардың мақсаттарын, жоба бойынша атқарылған жұмыстарды жан-жақты түсіндірді. Олар Қазақстандағы бас бостандығынан айыру орындарындағы АИТВ жұқтырған әйелдерге жан-жақты қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарды да тілге тиек етті. Аталған тақырып бойынша қатысушылар өзара пікірталас ұйымдастырды.
3 күнге созылған аймақтық семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Орталық Азия елдері үшін өткізілген аймақтық семинарға Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаментінен сотталғандар арасындағы әлеуметтік-психологиялық жұмысы жөніндегі бөлімінің бас маманы Айнұр Айкенова қатысып, сертификат алды.