Алматыда бейнекамералардың көмегімен қоғамдық көліктерде ұрлық азайды
Алматыда бейнекамералардың көмегімен қоғамдық көліктерде ұрлық азайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл сайынғы халықпен есеп беру кездесуінде Алматы қаласы полициясының басшысы жаңа технологияларды қолдану қылмысты азайтуда жақсы нәтиже беріп жатқанын айтты.
– ЖБО-на қосылған 12 мың камераның көмегімен өткен жылы 1,5 мың қылмыс ашылды, 800 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Қала әкімінің қолдауымен биыл тағы 3 мың бейнебақылау камерасы орнатылатын болады. Олардың көпшілігі аулаларды, саябақтарды, алаңдарды және басқа да азаматтардың жаппай шоғырланатын орындарын қамтиды, – деді Қанат Таймерденов.
Оның айтуынша, бейнебақылау жүйелерімен жұмыс істеудің оң әсері ұрлық, оның ішінде қалта ұрлығының тіркелуінің азаюына да әсер етті.
– Өткен жылы біз муниципалды автопарктермен жұмыс істедік. Жұмыс кездесулері ұйымдастырылып, соның арқасында қоғамдық көліктердің барлығына дерлік бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл қалта ұрлығының тіркелуін 70-ке дейін қысқартуға, олардың ашылуын 25%-ға жақсартуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, қалаға Алматы облысынан келетін көліктер бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілмей қалды. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз, – деді Қанат Таймерденов.