Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында “Мен және менің полицейім” республикалық акциясы басталды

Ақмола облысында “Мен және менің полицейім” республикалық акциясы басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

11-15 сәуір аралығында Ақмола облысының аумағында “Мен және менің полицейім” кең ауқымды республикалық акциясы басталады. Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдер мен балалардың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру, отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды полиция жұмысымен таныстыру және қауіпсіздік шараларына үйрету.

Акция аясында мектеп және колледж оқушыларымен кездесулер жоспарланған, онда сенімді диалог түрінде ювеналды полиция қызметкерлері заңнама, балалардың құқықтары мен міндеттері, бейтаныс адамдармен және қоғамдық орындардағы мінез-құлық ережелері туралы әңгімелейді.
Ішкі істер органдарының есебінде тұрған 338 кәмелетке толмаған баланы спорттық, мәдени-бұқаралық іс-шараларға тарту және олардың бос уақытын ұйымдастыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда “Динамо” спорт қоғамы Федерациясының спорт секцияларына жалпы есепте тұрғандардың ішінен 150 жасөспірім қатысады.
Құқықтық тәртіп сақшыларының мамандығымен тығыз танысу үшін балалар үшін ашық есік күнін, экскурсияларды өткізу жоспарлануда.

Жедел жағдайды тұрақтандыру, жасөспірімдер қылмысының алдын алу мақсатында демалыс және мереке күндері “Түнгі қаладағы балалар”, “Демалыс” рейдтік іс-шаралары және жалпы қылмысқа әсер ететін әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған басқа да іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі.

Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, 2022 жылдың басынан бері балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамағаны үшін Ақмола облысында 149 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін заңсыз сатқаны үшін жеке кәсіпкерлерге қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша 52 хаттама жасалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру