Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда учаскелік полиция инспекторлары көбейді

Алматыда учаскелік полиция инспекторлары көбейді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы полициясының басшысы Қанат Таймерденов халық алдында есеп бергенде, Алматы полициясы ел Президентінің тапсырмасы аясында “полиция жақын маңда” жаңа форматы бойынша кешенді шаралар қабылдап жатқанын айтты.

– “Полиция жақын маңда” қағидатын жүзеге асыратын басым буын – учаскелік полиция инспекторлары. 2020 жылы учаскелік полиция инспекторларының саны небәрі 480 бірлікті құрады, бұл біздің шаһар үшін жеткіліксіз болды. Сондықтан, өткен жылы әкімдіктің қолдауымен 113 учаскелік полиция көмекшісі учаскелік инспектор лауазымына ауыстырылды. Осылайша, бүгінде қалада 593 учаскелік инспектор жұмыс істейді, бұл құқық бұзушылықпен күрестің тиімділігін айтарлықтай арттырады, – деді Қанат Таймерденов.

ПД хабарлауынша, өткен жылы әкімдікпен бірлесе отырып, 3 жылдық жоспар әзірленген және бекітілген, онда полиция учаскелік пунктері үшін 29 ғимаратты кезең-кезеңімен алу көзделген. Жаңа тұрғын үй кешендерінен мұндай 9 ғимарат сатып алынды, бұл жұмыс жалғасуда.

– Бүгінде учаскелік инспекторлар мобильді және үнемі байланыста. Әрбір учаскелік полиция қызметкері ПИК-пен және аудан тұрғындарымен чат пен мессенджерлік байланыста. Барлық сұрақтар оларға тікелей келіп түседі. Осы тәсілдің арқасында біз тұрғындардан түсетін өтініштердің санын 2,5 есеге қысқарттық. Сонымен қатар, барлық аудандық полиция бөлімдерінде фронт-кеңселер жұмыс істейді, олардан сізді қызықтыратын мәселелер бойынша кеңес алуға болады. Біз де азаматтарға ашық болу үшін барлық шараларды қолданудамыз. Мемлекет басшысының “толық бейнебақылау” тапсырмасын орындау мақсатында өткен жылы барлық тергеушілер, анықтаушылар мен жедел уәкілдердің кабинеттеріне бейнебақылау камераларын орнатуды аяқтадық. Биылғы жылы барлық учаскелік полиция пункттерінде бейнекамералар орнатылатын болады, – деді ПД бастығы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру