Алматыда діни экстремистік әдебиеттерді таратқан шетелдік ұсталды
Алматыда діни экстремистік әдебиеттерді таратты деген күдікпен шетелдік азамат ұсталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы полициясы қалалық ҰҚКД мен полицияның арнайы жасақтарының көмегімен шетелдік азаматты ұстады.
Оның діни жоралғыларды, оның ішінде оккультизммен айналысқаны, сондай-ақ Қазақстанда тыйым салынған экстремистік ұйымның идеологиясының белгілері бар діни материалдарды таратқаны белгілі болды.
Рұқсат етілген тінту кезінде тергеуге қатысы бар заттар мен материалдар тәркіленді.
Қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.
— Азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан деструктивті діни идеологияны таратуға бағытталған кез келген іс-әрекеттерге тосқауыл қойылады. Ұлттық қауіпсіздік пен конфессияаралық татулық – біздің жұмысымыздың басым бағыты, — деді, Алматы қалалық ПД экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров.