Алматыда есірткі сатқан интернет-дүкеннің әкімшісі қолға түсті
Алматыда есірткі сатқан интернет-дүкеннің әкімшісі қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласының есірткі қылмысымен күресушілер жедел және арнайы іс-шаралар барысында есірткі сатушыны анықтады. Ол 29 жастағы Г. есімді азамат, Алматы қаласының тұрғыны, интернет-дүкеннің әкімшісі болып жұмыс істейді.
– Біздің жедел деректеріміз бойынша, ер адам қосымша синтетикалық заттарды байланыссыз әдіспен сатумен айналысқан. Күдікті өз үйінің ауласында жүргізілген арнайы іс-шара нәтижесінде ұсталды. Оның тұрғылықты жерін тінту кезінде ақ, қызғылт, жасыл және сұр түсті ұнтақ заты бар сегіз полиэтилен байламы, екі электронды таразы, орауыш қаптар, пневматикалық тапанша табылып, тәркіленді, – деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Сот-химиялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленген шөптер мефедрон, альфа-PVP синтетикалық және психотроптық заттары болып шықты. Күдікті есірткіні интернет арқылы сатып алғанын айтқан.
Бұл дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша тіркелген.
Ұсталған азамат Алматы қаласы ПД-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.