Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордаға есірткі жеткізбек болған ақтөбелік қолға түсті

Алматы полициясы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Ақтөбе қаласының тұрғыны бір килограмм психикалық белсенді заттармен қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақсай-4 шағын ауданындағы жалдамалы пәтерді қарау кезінде қызметкерлер қонақ бөлмесінен күлгін түсті ұнтақ салынған үш полиэтилен пакетті тауып, тәркілеген. Сараптама көрсеткендей, тәркіленген зат салмағы бір килограмнан асатын синтетикалық есірткі болып шыққан.

Анықталғандай, есірткі тасымалдаушы “жылдамдық” психобелсенді заттарына интернет арқылы тапсырыс беріп, оны алу үшін арнайы Ақтөбе қаласынан келген. Есірткі партиясын алғаннан кейін ол есірткіні қайта сату үшін Нұр-Сұлтан қаласына жеткізбек болған.

Ұсталған азаматтың айтуынша, есірткіні сатып алу және елордаға тасымалдау үшін оны интернет арқылы белгісіз адам жалдаған.

Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта тапсырыс берушіні, сондай-ақ біздің елімізге синтетикалық есірткінің келуін және Қазақстанда таралу арналарын анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.

Қылмыстық Кодекстің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау немесе есірткі заттарын адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса ірі мөлшерде электрондық коммуникациялық жүйелерді пайдалана отырып өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

“Қаңтар айында Мемлекет басшысының адамдардың құқықтарын қорғауды күшейту туралы тапсырмасын орындау үшін әзірленген заң күшіне енді. Ол заңда ақпараттық-коммуникациялық ресурстар арқылы есірткіні өткізу және пайдалануға тарту, сондай-ақ олардың жарнамасы мен насихатталуы үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген. Бұл жағдайда ұсталушының мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бүгін есірткі тасымалдаушыны ұстау арқылы есірткі заттары таралуының жолы кесілді”, – деп атап өтті ІІМ Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Қанат Нұранов.

Ағымдағы жылдың басынан бері полиция қызметкерлері 51 синтетикалық есірткінің жолын кесіп, заңсыз айналымдағы 20,5 килограмм есірткіні тәркіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру