Алматыда есірткіні жарнамалаған екі күдікті ұсталды
Алматыда есірткіні жарнамалаған екі күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оны Алматы қаласы Әуезов ауданының полицейлері әшкереледі.
– Күдіктінің тұрғылықты жерінен есірткі жарнамалаушының құрал-жабдықтары: жапсырмалар, трафареттер, маңдайшалар, әйелдің “жұмыс берушісімен” хат-хабар алмасқан телефоны табылды және тәркіленді. Ол ұсталып, қамауға алынды. Күдіктінің есірткіге тәуелді екені белгілі болды. Ол бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Есірткіні жарнамалау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Меңдебаев.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары тағы бір есірткі жарнамалаушыны ұстады.
“Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында учаскелік инспекторлар Розыбакиев көшесіндегі үйлердің бірінде есірткіні жарнамалаумен айналысып, ақша тапқан 44 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
– Ғимараттың қасбеттеріне есірткі сату ресурстарының мекенжайлары жазылған жазуларды салған. Өздеріңіз білесіздер, мұндай үгіт-насихат қылмыс болып саналады. Қаскөй ұсталды және қамауға алынды. Жақын арада қылмыстық іс материалдары сотқа жолданатын болады, – деді Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.