Алматыда полиция азаматтарға үндеу жасады
Полиция азаматтарды жол ережесін сақтауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда жыл басынан бері 4815 жол-көлік оқиғасы тіркелді, 403 680 жол қозғалысы ережесін бұзу анықталды. Көлікті мас күйінде басқарған 2095 жүргізуші ұсталды.
– Жоғарыда келтірілген статистика алаңдаушылық тудырады. Күні кеше ғана жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және оның салдарларының ауырлығын азайтуға, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерінің жолын кесуге және анықтауға бағытталған “Қауіпсіз жол” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды. Кейбір жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі нашар. Осыған орай, Алматы полициясы құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, профилактикалық жұмыстарды жүргізді. Басты бағыт – балалар жарақатының алдын алу, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Ержан Ұзабаев.
Сонымен қатар Алматы полициясы автокөлік жүргізушілерін көліктерін қысқа дайындауға шақырды.
– Ауа райының нашарлауына байланысты жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырамыз. Бұл үндеу негізінен қауіптілігі жоғары көліктерді басқаратын қала жүргізушілеріне арналған. Біз оларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жүргізуші мәдениетін көрсетуге және мұқият болуға шақырамыз. Әдетте, ауа райының нашарлауы жалпы жол жағдайына әсер етеді. Жүргізушілерді көліктерін қыс мезгіліне алдын ала дайындауға шақырамыз. Бұл үндеу қазір өте өзекті және жолдардағы қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектеседі, – деді Ұзабаев.