Алматыда пробация есебінде тұрған сотталғандар үшін еңбек жәрмеңкесі өтті
Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖД Бостандық аудандық пробация қызметі есебінде тұрған сотталғандар үшін еңбек жәрмеңкесі өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласындағы Бостандық аудандық пробация қызметінде 211 сотталған пробациялық бақылауға алынған. Олардың 114-і жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыспен қамтылса, 86 сотталған өзін-өзі еңбекпен қамтып отыр.
– Олар халыққа қызмет көрсету бағытында шағын кәсіпкерлікпен айналысуда. Аталған еңбек жәрмеңкесі кезінде 9 сотталған жұмысқа бағыт алып, 1 сотталған жұмысқа орналасты, – дейді Бостандық аудандық пробация қызметінің бөлім бастығы Гаухар Қасымова.
Жұмыссыздар мен жұмыс берушілер арасында тығыз қарым-қатынас орнату, жұмыссыз сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз ету сотталғандар арасында қайталап қылмыс жасау фактілерінің алдын алады. Бұл орайда Бостандық аудандық пробация қызметі Алматы қаласы жұмыспен қамту орталығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды.