Алматыда қалааралық тасымалдар тексерілуде
Алматыда қалааралық тасымалдар тексерілуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
“Құқықтық тәртіп” жедел алдын алу іс-шарасы аясында Алматы қаласының полициясы жолаушылар тасымалын тексеріп жатыр.
Тексеру ресми тасымалдаушылардың автобустарын ғана емес, сондай-ақ жеке тасымалдаушыларды, соның ішінде қалааралық және облысаралық бағыттардағы көліктерді де қамтиды.
— Жолаушыларды тасымалдау ережелерінің бұзылуын, тиісті рұқсатсыз көлікті қайта жабдықтауды, міндетті мемлекеттік техникалық байқаудан өтпеген көліктерді пайдалануды, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарының сақталмауын анықтауға ерекше көңіл бөлінуде. Тек жарты күннің ішінде 500-ден астам құқық бұзушылық тіркелді. Қалааралық тұрақты рейстерді орындаған 15 шетелдік тіркеудегі көлік желіден алынып, арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Біздің басты мақсатымыз – тек құқық бұзушылықтарды тіркеу емес, қайғылы жағдайлардың алдын алу. Біз көлік құралдарының техникалық жай-күйіне, жүргізушілердің рейс алдындағы медициналық тексерулеріне және жолаушыларды тасымалдау талаптарының орындалуына бақылауды күшейттік, – деді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Полицияның мәліметінше, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі – құқықтық тәртіптің негізгі элементі.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен адам өмірін сақтау – полиция, тасымалдаушылар мен азаматтардың бірлескен күш-жігерімен ғана мүмкін болады.