Алматыда қалта ұрысы УҰИ-ға қамалды
Алматыда қалта ұрысы УҰИ-ға қамалды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Бірнеше рет сотталған, тұрғылықты жері жоқ 35 жастағы ер адам қалта ұрлығын жасағаны үшін уақытша ұстау изоляторына қамалды.
– Бөтеннің мүлкін бірнеше рет ұрлады деген күдікке 35 жастағы А. есімді азамат ілікті. Ол негізінен Әуезов ауданы аумағында қоғамдық көліктерден ұрлық жасап жүрген. Бірде 45-бағыттағы қоғамдық көлікте iPhone телефонын, ал одан екі сағат бұрын 63-автобустан да телефонды ұрлап кеткен. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ұсталды. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тергеудің осы кезеңінде А.есімді азаматтың үш қалта ұрлығына қатысы бар екендігі анықталды, – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Күдікті тағы бір ұрлықты ірі супермаркетте жасаған, сатып алушының қалтасынан 12-ші модельдегі iPhone телефонын суырып алған. Полиция қызметкерлері оның қалада бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.