Алматыда "Қауіпсіз жол" іс-шарасы жалғасып жатыр
Алматыда "Қауіпсіз жол" іс-шарасы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда "Қауіпсіз жол" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аяқталуға жақын. Науқан аясында Әуезов ауданында полицейлер жолаушылар тасымалына ауқымды тексерістер жүргізіп, рейстік және қалааралық автобустарға ерекше назар аударды.
Рейдтердің мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол-көлік оқиғаларының алдын кесу және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Полиция қызметкерлері көлік құралдарының техникалық жай-күйін, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін, сондай-ақ қажетті құжаттардың болуын қадағалады.
- Жолаушылардың қауіпсіздігі мәселесі әрқашан басымдықта қала береді. Әрбір жүргізуші тасымалдайтын адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапты болуы тиіс.
Мұндай тексерістер – апаттылықты төмендетуге бағытталған нақты профилактика. "Заң мен тәртіп" қағидаты біз үшін басты негіз, сондықтан кез келген құқық бұзушылыққа тосқауыл қойылады, – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Меңдебаев.
Полиция жол қозғалысы ережелерін сақтау және қауіпсіздікке мұқият қарау – әр жүргізушінің міндеті әрі адам өмірін сақтаудың кепілі екенін еске салады.