Алматыда қызмет бабында қаза тапқан полицейлерді еске алуға арналған спорттық турнир өтті
Алматыда қызмет бабында қаза тапқан полицейлерді еске алуға арналған спорттық турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қалалық ПД-да қылмысқа қарсы ымырасыз күресте ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшыларын еске алуға арналған ПД қызметтері мен бөлімшелерінің қызметкерлері арасында қоян-қолтық ұрыстан турнир өтті. Ол қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған ескерткішке гүл қою рәсімінен басталды. Жарысқа 17 командадан 135 спортшы қатысты.
– Біз қоян-қолтық ұрыс бойынша спорттық жарысымызға барлық қатысушыларды қуана қарсы аламыз! Бұл дәстүрлі шара тек спорттық және бәсекелестік шара емес, мұнда бірлік рухы да бар. Бүгін барлық жігіттер ұстамдылық пен табандылық танытып, өнерлерін көрсетті, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков.
Ойындардың қорытындысы бойынша және төрешілер алқасы ұсынған хаттамалар негізінде командалық есепте орындар келесідей бөлінді: I орын – ЖҚАЖ командасы. II орын – Түрксіб аудандық полиция басқармасынан құралған командасы, III орын – Айдауылдау қызметі батальонының командасы.