Алматыда такси жүргізушісі есірткіге мас күйде көлік басқарған
Алматыда такси жүргізушісі есірткіге мас күйде көлік басқарған, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда әкімшілік полицияның мамандандырылған батальонының қызметкерлері түнгі уақытта автокөлікті тоқтатты. Жүргізушінің күмәнді әрекеттері патрульдің назарын аударып, ол бірден сот-медициналық наркологиялық сараптамаға жіберілді.
Медициналық тексеріс жүргізушінің есірткілік масаң күйде болғанын растады. Ол сол жерде-ақ көлік жүргізу құқығынан шеттетіліп, Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілді.
Полиция қызметкерлері тиісті әкімшілік материалдарды рәсімдеп, шешім қабылдау үшін сотқа жолдады.
Тексеру барысында ұсталған азаматтың жолаушыларды тасымалдаумен айналысқан жеке таксист екені анықталды.
— Мас күйде көлік жүргізу — заңды өрескел бұзу ғана емес, адамдардың өміріне тікелей қауіп төндіретін әрекет. Әсіресе мұндай жүргізушілер жолаушы тасымалдаумен айналысқанда, жағдай тіпті ауырлайды. Өйткені олар өздеріне сеніп мінген клиенттерге ғана емес, жолдағы барлық азаматқа қауіп төндіреді. Полиция “Заң және тәртіп” қағидатын берік ұстана отырып, мұндай фактілерді анықтауды және жолын кесуді жалғастыра береді, — деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Алматыда полиция ірі мегаполистегі қозғалыс қарқыны жоғары екенін ескеріп, мас жүргізушілерді анықтау мен алдын алу жұмыстарын басты міндеттердің бірі ретінде жалғастыратынын еске салды.
