Алматыда тәртіпсіздіктер кезінде әскери КамАЗ-ды басып алған ер адам ұсталды
Алматыда тәртіпсіздіктер кезінде әскери КамАЗ-ды басып алған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ол 27 жастағы Павлодар облысы Екібастұз қаласының тұрғыны болып шықты. Айыпталушының тонауға да қатысы бар екені анықталды.
Алатау ауданының полиция қызметкерлері күдіктіні «Өжет» ықшам ауданында ұстады.
Одан қару-жарақ дүкенін тонау нәтижесінде ұрланған 30 патроны бар тегіс ұңғылы «Сайга» мылтығы тәркіленді.
Қылмыстық жолмен алынған тағы бірнеше атыс қаруын Алатау аудандық полиция қызметкерлері үш ер адамнан анықтады.
Қару-жарақ сататын дүкендерді тонау нәтижесінде олар «Аta-аrms», «Remington-700» және «Sauer-202» мылтықтарын оқ-дәрілерімен бірге заңсыз иемденген.
Күдіктілер қамауға алынды.