Алматыда үш есірткі зертханасы жойылды
Алматыда үш есірткі зертханасы жойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Журналистермен дәстүрлі кездесуде Алматы ПД-нің басшысы синтетикалық есірткілерді шығаратын 3 зертхананың жойылғанын хабарлады.
– Олардың бірі Медеу ауданындағы жалдамалы үйден табылды. Тінту кезінде синтетикалық есірткі өндіруге арналған компоненттер, сондай-ақ сатуға дайын, жалпы салмағы 3,5 келі “мефедрон” заты тәркіленді. Бұл өнімнің сату бағасы шамамен 40 миллион теңгені құрайтын еді. Сондай-ақ сәуір айында біз есірткі бизнесіне қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны үшін кінәлары дәлелденген 8 айыпталушының ұсталғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Топ интернет ресурстары арқылы “мефедрон” синтетикалық есірткісін өндірумен және сатумен айналысты. Сонымен қатар, қоғаммен бірге есірткі заттарының таралуы туралы ақпаратты қамтитын 3 901 граффити-жазулар боялды. Есірткіні жарнамалағаны үшін 5 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алматы полициясының бастамасымен жыл басынан бері 357 интернет-сайт бұғатталды, – деді Қанат Таймерденов.
Жыл басынан бері Алматы полициясы 545 есірткі қылмысын ашты. 380 келіден астам есірткі тәркіленіп, заңсыз айналымға жіберілмеді.