Алматыда “Жас сақшы” сыныбы ашылды
Алматыда “Жас сақшы” сыныбы ашылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласындағы №87 жалпы білім беретін мектепте 2016 жылы қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы 2-полиция батальонының полицейі, полиция старшинасы Аян Ғалиев атындағы “Жас сақшы” оқу сыныбы ашылды.
“Жас сақшы” оқу сыныбының тұсаукесерін МКҚБ бастығы М.Мұхтаров пен Аян білім алған М.Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының орынбасары Е.Жақиянов қиды.
Оқу сыныбының ашылу салтанатында МКҚБ бастығы Мархабат Мұхтаров сөз сөйлеп, жас өрендердің болашақта құкықтық тәртіпті сақтауға үлес қосатын лайықты азаматтар болатынына сенім білдірді.
— 2016 жылы Алматы қаласында болған террорлық оқиға әлі күнге тұрғындардың есінде. Санаулы уақытта автоматпен қаруланған қаскөй бірнеше полиция қызметкердің өмірін қиды. Аян Ғалиев қызметте тұрған Алматы қалалық Кірістер департаментінің ғимаратына жақындағанда суық хабарды ести сала далаға шығып, автоматтан оқ жаудырған қылмыскердің аяғынан атып тоқтатқан болатын. Өкінішке қарай өзі қылмыстың құрбаны болды. Өзгелердің өмірін сақтап қалу үшін өзінің өмірін қиған ержүрек әріптесіміздің ерлігі біздің мәңгі жадымызда, — деді басқарма бастығы М.Мұхтаров өз сөзінде
Салтанатты жиынға Аян Ғалиевтің жары Анар Асанова да қатысып, Аянға арналған естелік тақтаны өзі ашты. Сондай-ақ жаңадан ашылған “Жас сақшы” сыныбының оқушылары ант қабылдады.
Отан алдында қабылдаған Антына адалдық танытып, ел тыныштығы үшін өз өмірін құрбан еткен Аян Ғалиевтің ерлігі ұрпақтан ұрпаққа өнеге болып қала бермек.