Алматыда ЖҚАЖ-ның 50 қызметкері нашақорлық пен есірткіге қарсы марафонға қатысты
Алматыда нашақорлық пен есірткіге қарсы күрес аясында ұйымдастырылған марафонға ЖҚАЖ қызметкерлері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың 50 қызметкері марафонға қатысты.
– Мақсат – нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау. Департамент басшылығы жұртшылықтың бастамасын және Алматының игі дәстүрін қолдады, өйткені біз бәріміз оның тұрғындарымыз. Біздің қызметкерлер тапсырманы тамаша орындады. Жауынгерлік бөлім тағы бір мәрте өзінің спорттық дайындығы, ұстамдылығы мен тәртібінің деңгейін көрсетті, – деді, Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Ержан Ұзабаев.
Ұзабаевтың айтуынша, дене шынықтыру және спорт, жарыстарға қатысу полиция қызметкерлеріне жедел тапсырмаларды сәтті орындауға ықпал ететін жаңа дағдыларды меңгеруге көмектеседі.
– Алғашында марафонға полиция қызметкерлерін көптеп тарту жоспарланған болатын. Алайда ауқымды жарыс кезінде қоғамдық тәртіпті қорғауды полиция қамтамасыз ететінін, ал қатысушылардың жүріп-тұру бағыты бойынша полиция қызметкерлері қызметте болатынын ескеріп, әзірге тек бір бөлімнің өкілдерін қатыстырып, өзімізді шектедік. Өйткені жол қауіпсіздігі мәселелері тәртіп сақшыларының келісілген және кәсіби іс-әрекетіне байланысты болмақ. Алматылық полиция гарнизоны қаланың қоғамдық маңызы бар мәдени-спорттық іс-шараларына әрқашан белсене қатысатынын атап өткім келеді, – деді Ұзабаев.