Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыдағы балалар колониясында ашық есік күні өтті

Биыл еліміздің мектептеріндегі соңғы қоңырау Балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келді. Бұл қос мереке Алматы қаласындағы балалар колониясындағы сотталған балалар үшін тіптен ерекше мереке болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №11 мекемесінің басшылығы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мен Соңғы қоңырау мерекесінде жазалы жасөспірімдер үшін ашық есік күнін ұйымдастырды. Балалар сағынып жүрген ата-аналарымен, туыстарымен жүздесті. Салтанатты мерекені мекеме бастығының міндетін атқарушы Д.Машимбаев ашты. Ол биыл орта мектепті бітіретін түлектерге ақ жол тілеп, оқушылардың есінде мәңгі қалатын айтулы күні балаларымен жүздесуге келген ата-аналары мен туыстарына алғысын білдірді.


Ойнақтап жүріп от басқан балалардың бүгінгі жанашыры да, ата-анасының орнындағы қамқоршылары да – мекеме қызметкерлері мен мұғалімдері. Осыған орай балаларға жыл бойы сапалы білім берген ұстаздар да марапатталып, Алматы қаласы бойынша ҚАЖД бастығы А.Қайырбековтың алғыс хатына ие болды.

Соңғы қоңырау салтанатында мектеп директорының орынбасары Людмила Алмазова оқушыларды құттықтап, олардың тезірек жазаларын өтеп, өз үйлеріне оралуларына тілектестігін білдірді. Республикадағы қылмыс жасаған балалар жазасын өтейтін жалғыз колонияда қазіргі таңда 36 бала ұсталып отыр. Оның ішінде 27 бала аса ауыр қылмыс, 9 бала ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған. Балалар колониясындағы ашық есік күнінде барлығы 21 ата-ана мен туысқандар келіп, сотталған балалардың қуанышын еселей түсті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру