Алматыдағы екі автопарктың басшылары жауапқа тартылды
Алматыдағы екі автопарктың басшылары жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық әкімшілік полицияның мәліметінше, жүргізуші құрамының көліктік тәртібіне тиісті бақылауды қамтамасыз етпегені үшін автокәсіпорынның 4 лауазымды тұлғасы, оның екеуі – бірінші басшылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Жалпы, жыл басынан бері автобус жүргізушілеріне қатысты түрлі жол ережесін бұзғаны үшін 250-ден астам әкімшілік хаттамалар толтырылып, 5 автобус мамандандырылған көлік тұрағына орналастырылды. Жолаушылар тасымалымен айналысатын қалалық көлік кәсіпорындары санының айтарлықтай азайғанына қарамастан, кейбір басшылар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды қолданбауда. Олар әлі де көлік қозғалысының қарқындылығы жағдайында көлік жүргізуге бейімделмеген, төтенше жағдайлар туғызатын, ауыр зардаптарға әкеп соқтыратын жол-көлік оқиғаларын жасайтын еліміздің басқа өңірлерінің тұрғындарын жұмысқа алады, – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек.
Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындардың қызметін бақылау және қоғамдық көлік жүргізушілері арасында алдын алу шараларын жүргізу жалғасатын болады.