«Қару» ЖПІШ: түркістандық полицейлер заңсыз айналымнан 2 снаряд пен 8 қару тәркіледі
Түркістандық полицейлер «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында заңсыз айналымнан екі снаряд пен сегіз қару тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ нұсқауына сәйкес Түркістан облысы аумағында атыс қаруын пайдалана отырып, қылмыстың алдын алуға және жолын кесуге, заңсыз сақталған тіркелмеген қаруды анықтауға, заңсыз қару айналымымен айналысатын адамдар мен қылмыстық топтарды ұстауға және қару иелерінің сақталуын тексеруге бағытталған «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Бес тәулік ішінде полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан екі снаряд, сегіз атыс қаруын, оның ішінде екі шолақ, теріс тегіс ұңғылы қару және бір травматикалық тапанша тәркіледі.
Мысалы, Келес ауданында учаскелік инспектор жергілікті тұрғынның ауласынан снарядқа ұқсас затты тапты. Белгілі болғандай, ауыл тұрғыны үйіне көрші ауданнан металл алып келген, ал сұрыптау кезінде екі снарядты байқап, содан полицейлерді шақырған.
Аталған жайт Келес АПБ-ға тіркелді. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен әскери бөлімнің қызметкерлері жетті. Полиция тәркіленген қауіпті затты жою үшін саперларға тапсырды.
Жетісай ауданында аталмыш профилактикалық жұмыстар барысында полиция қызметкерлері жас жігіттен тіркелмеген «ОСА» травматикалық тапаншаны төрт патронымен тәркіледі. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Бүгінде тәртіп сақшылары сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп, барлық мән-жайды анықтауда.
Сонымен қатар, аталмыш іс-шара барысында тәртіп сақшылары 700-ден астам қару иелерін тексеріп, 69 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленуі, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруі, тасымалдауы) бойынша бес әкімшілік хаттама толтырылды.
ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабымен (Азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қаруды, оның патрондарын сатып алу, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өткізу тәртібін бұзу) 27 және ҚР ӘҚБтК-нің 486-бабы (Азаматтық, қызметтік, коллекциялық қаруды тіркеу (қайта тіркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзу) бойынша 42 тәртіп бұзушыны жауапқа тартты.