Алматыдағы ірі есірткі зертханасының ұйымдастырушысы 11 жылға бас бостандығынан айырылды
Алматыдағы ірі есірткі зертханасының ұйымдастырушысы 11 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылдың тамыз айында Наурызбай ауданының аумағында орналасқан бау-бақша қоғамдастығының бірінде есірткі зертханасы анықталды.
– Есірткі зертханасына айналдырылған үйдің ішінде синтетикалық препаратты шығаруға арналған түрлі қолбалар мен арнайы қондырғылар табылды және тәркіленді. Сондай-ақ дайын өнім – «мефедрон» психотропты заттары мен аса ауқымды а – PVP тәркіленді, – деді Алматы қаласы ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Әділ Салаев.
Белгілі болғандай, синтетикалық есірткі өндірісі үшін қолданылатын заттар мен зертханалық қондырғылардан тұратын жүктің Алматыдағы көлік-логистикалық компаниялардың біріне жеткізілуі полицияның назарын аудартты. «Жүктің» тапсырыс берушісі 45 жастағы К.есімді ер адам болып шықты.
Жүргізілген арнайы іс-шаралар оның заңсыз әрекетін және есірткі зертханасын анықтады. Ер адам ұсталды және сот оны ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (Аса ірі көлемде психотроптық затты сату мақсатында заңсыз дайындау және сақтау) бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды.