Алматыдағы тергеу изоляторына келген сәлемдемеден қызметтік ит есірткі тапты
Алматыдағы тергеу изоляторына келген сәлемдемеден қызметтік ит есірткі тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №72 мекемесінде (тергеу изоляторы) Миф атты қызметтік иттің көмегімен ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы бойынша адам тонағаны үшін сотталған Аян атты тұтқынға арналған сәлемдеменің ішінен есірткі табылды.
Қазпошта арқылы жіберілген Батончик конфетінің қағазына оралған есірткі ұнтағы арнайы сараптамаға жіберілді.
Аталған мекеменің режим бөлімінің қызметкерлерімен бірге сәлемдемелерді тексеруге қатысқан Миф – Ішкі істер министрлігінің Кинология орталығында арнайы дайындықтан өткен. Ал бұрын да адам тонағаны үшін сотты болған Аянға сәлемдеме жіберген Алматы қаласының тұрғынына қатысты алдын ала тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.