Алматылық полицейлер 13 жыл іздеуде болған қарақшыны құрықтады
Алматы полицейлері ресейлік әріптестеріне 13 жыл іздеуде болған қарақшыны ұстауға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2008 жылы «М» есімді азамат (1990 жылы туған) өзінің «П» есімді досымен Саратов облысының Энгельс қаласында әйел адамға шабуыл жасап, ақшасын алып кеткен.
«Осы факті бойынша Саратов облысының Энгельс муниципалды ауданының ІІБ жанындағы ТБ-да Ресей Федерациясы ҚК-нің 162-бабы 2-бөлімі (Қарақшылық шабуыл) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Достардың бірі «ізін суытпай» ұсталып, 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды. «М» есімді азамат қашып үлгерді. Оған қатысты іздеу ісі ашылды: ол 2008 жылдың шілде айында мемлекетаралық және халықаралық іздеуге жарияланды», – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция Басқармасының бастығы Еркін Іңкәров.
Шамамен 13 жыл өткен соң, Алматы полициясы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында «қашқынды» ұстады. Қазір күдікті қамауда. Қылмыскерді экстрадициялау мәселелері Минск конвенциясына сәйкес шешілетін болады.